Жаңа қызметке кіріскен мұғалімге оқушының неге қиналғанын анықтау, инженерге өндірістегі ақаудың себебін табу, агрономға егістіктегі өзгерісті түсіндіру тапсырылуы мүмкін.Үшеуінің де қолында диплом бар. Ал тапсырманы орындау үшін жатталған анықтамалар жеткіліксіз.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында келер ұрпаққа білім мен ғылымға сүйенген мемлекет қалдыру туралы айтты. Мұндай мақсат университеттегі оқудың түпкі нәтижесіне назар аудартады: түлек алған білімін қайда және қалай қолданады?
Оқу бағдарламасында пәндердің болашақ мамандықпен байланысы ашылмаса, студент теорияны тәжірибемен ұштастыру жолын өзі іздейді. Мысалы, тәжірибе кезінде бастапқы дерек қате тіркелсе, дұрыс есептеу әдісінің өзі жаңсақ қорытындыға әкелуі мүмкін. Болашақ мұғалім де әдістемені жатқа білгенімен, баланың оқуындағы қиындықты байқамаса, сабақты лайықтап өзгерте алмайды. Практикалық тапсырмада студент шешу тәсілін таңдап, қатесін түзетеді, өз тұжырымын дәлелдейді.
Жасанды интеллект студенттердің оқу тапсырмаларын орындау тәсілін өзгертті. Оның көмегімен мәтіннің жобасын құрастыруға, бағдарламалық код жазуға, үлкен дерек жиынын сұрыптауға болады. Бірақ, сабақ барысында құралдың қызметін түсіндіріп, оның қай тұста жаңылатынын да талдаған ұтымды. Бағдарлама келтірген ғылыми еңбектің шынымен жарияланғанын, есептегі өлшем бірлігінің дұрыстығын және пайдаланылған дәйектің бастапқы дерекке сәйкестігін жеке тексерген жөн. Әйтпесе, сырттай нанымды көрінген жұмыста жалған сілтеме мен есеп қатесі сақталып қалуы ықтимал.
Жасанды интеллектіні пайдалану студенттің білімін қалай бағалау керектігі туралы да жаңа сұрақтар туғызады. Жазбаша жұмыста студент пайдаланған дереккөздерін, талдау барысын және бастапқы тұжырымын не себепті өзгерткенін көрсете алады. Қысқаша ауызша қорғау кезінде оқытушы оның пайымын нақты сұрақтармен тексереді. Жасанды интеллект пайдаланылған тұстарды көрсету – академиялық адалдықтың бір шарты.
Президент Жолдауда электр қуатының тапшылығын атап, деректерді өңдеу орталықтарын дамыту жоспарына тоқталды. Бағдарламашыны даярлауда код жазумен бірге есептеу жүйесінің энергия шығынын, ақпаратты сақтау құнын және жабдықтың техникалық шектеулерін түсіндіру де орынды. Энергетика саласын таңдаған студенттің цифрлық бақылау құралдарынан хабардар болғаны да құнды. Мамандар бір-бірінің кәсіби тілін түсінсе, ортақ жоба жөнінде келісіп жұмыс істеу жеңілдейді.
Жоғары білім мен еңбек саласының байланысы өндірістік практикадан да байқалады. Күнделік толтыру негізгі жұмысқа айналса, студенттің кәсіби тапсырмаларды қаншалықты меңгергені көмескі қалады.Университет пен кәсіпорын алдын ала ортақ міндет белгілеп, соңында жас маманның ұсынысын талқыласа, даярлықтағы олқылықтар анығырақ көрінеді.Оқу орны нені күшейту керегін түсінеді, жұмыс беруші түлектің білігін ісінен көреді.
Жолдауда аймақтарда кітапханалар мен ғылыми орталықтар ашу да көзделген. Олардың пайдасы кітапхана қоры мен зертхана жабдықтарының күнделікті қолданысынан көрінеді. Зертхана құралын сабақтан тыс уақытта пайдалануға жағдай жасалса, жас ізденуші тәжірибені бірнеше рет қайталайды, өлшеудегі алшақтықтың себебін іздейді. Бір тақырыпты жүйелі зерттеген топтың жинаған материалдарын кейінгі буын да пайдалана алады. Ол үшін жабдықпен бірге тәлімгерлікке, зерттеу мәліметтерін сақтауға және қорытындыны тәуелсіз тексеруге көңіл бөлінгені жөн.
Кәсіби даярлықпен бірге саяси білімнің де өз орны бар. «Саясаттану» пәнінде студент мемлекеттік институттардың қызметін, азаматтардың қоғамдық өмірге қатысу жолдарын және түрлі мүдделердің тоғысуын талдауға үйренеді. Мәселен, энергетикаға қатысты ұсынысты талқылағанда оның экономикалық негізін, әлеуметтік салдарын және ықтимал тәуекелдерін салыстыруға болады. Осындай талдауда студент дайын пікірге сүйеніп қоймай, өз ұстанымының дәлелдерін іздейді. Демек, саяси дүниетанымның бір көрінісі – қоғамдық мәселелер жөнінде пікір қалыптастырғанда өзге көзқарастарды ескеріп, нақты дерекке сүйену.
Мұрат НАСИМОВ,
саяси ғылымдарыныңкандидаты, қауымдастырылған профессор, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті философия және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер секциясының қауымдастырылған профессоры
