Жастардың қоғамдық өмірге белсенді араласуы, тың идеялары мен әлеуметтік бастамаларына қолдау көрсету – өңір дамуының маңызды бағыттарының бірі. Өйткені елдің ертеңі саналатын жас буынның әлеуеті мен азаматтық ұстанымы қоғамның болашақ келбетін айқындайды.
Осы бағыттағы өзекті мәселелерді талқылау мақсатында бүгін облыстық жастар ресурстық орталығында «Қызылорда облысының үкіметтік емес ұйымдарының Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің бастамасымен, облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Жастарды әлеуметтік маңызы бар жобаларға тарту және азаматтық қоғамды дамытудағы жастардың рөлін нығайту» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Басқосуға облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Руслан Каюпов, «Қызылорда облысының үкіметтік емес ұйымдарының Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы Анар Ізден, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, жас көшбасшылар, белсенді жастар қатысты.
Жиында сөз алған басқарма басшысы Руслан Каюпов жастар бастамаларын қолдаудың және азаматтық қоғам институттарымен бірлесе жұмыс істеудің маңыздылығына тоқталды.
«Қазіргі таңда жастардың бойында тың идеялар мен әлеуетті бастамалар жеткілікті. Басты міндет – сол бастамаларды қолдап, олардың жүзеге асуына қажетті жағдай жасау және нақты жобаларға айналуына мүмкіндік беру. Жастар қоғамдық үдерістердің жай ғана қатысушысы емес, өңірдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық дамуына белсенді үлес қосатын азаматтар болуы тиіс. Осы ретте ауыл жастарының әлеуетін дамытуға, волонтерлік қызметті ынталандыруға, әлеуметтік жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін кеңейтуге және жастардың азаматтық белсенділігін арттыруға басымдық беру қажет. Бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижелі болуы мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы өзара тиімді әріптестік пен жүйелі ынтымақтастыққа тікелей байланысты», – деді Руслан Мұхамедәліұлы.
Кездесу барысында жастардың қоғамдық бастамаларға қатысу белсенділігін арттыру, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға тарту, волонтерлік қозғалысты дамыту және жастар мен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы әріптестікті нығайту мәселелері кеңінен қозғалды.
Сондай-ақ, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында ауылдық жерлердегі жастар бастамаларын қолдау, волонтерлік қызметті жүйелеу үшін Бірыңғай волонтерлер порталын құру, атқарылған волонтерлік сағаттарды жастардың жеке портфолиосында есепке алу ұсынылды.
Сонымен қатар жоғары оқу орындары арасында академиялық және тәжірибелік алмасу шараларын ұйымдастыру, жазғы мектептер жобаларын жүзеге асыру, студенттік жасақтардың жұмысын жандандыру, жергілікті әлеуметтік акселераторлар құру және жастардың тың жобаларын қолдауға арналған гранттық байқаулар өткізу мәселелері де назардан тыс қалмады.
Бұл ұсыныстардың әрқайсысы жастардың қоғамдық белсенділігін арттырып қана қоймай, олардың идеяларын нақты іске айналдыруға, ауыл мен қала жастарының мүмкіндіктерін теңестіруге және азаматтық қоғамның институционалдық негізін нығайтуға бағытталған.
