Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының орынбасары Бекайдар Қазкеевті қабылдады. Кездесуде өңірдегі әскери бөлімдердің тыныс-тіршілігі, материалдық-техникалық базасы мен инфрақұрылымын жаңғырту мәселелері талқыланды.
«Өздеріңізге белгілі, облыс аумағында Шекара қызметі департаменті, Қорғаныс министрлігіне қарасты 66597 және 99215 әскери бөлімдері, сондай-ақ Ұлттық ұланның 5547 әскери бөлімі бар.Қазан айында аталған әскери бөлімдерді арнайы аралап, жұмысымен танысып шықтым. Инфрақұрылымды, материалдық-техникалық базаны жаңартуға қатысты мәселелер анықталды. Осыған байланысты жергілікті демеушілерді тарта отырып, жұмыстарды қолға алдық.Ұлттық ұланның 5547 әскери бөлімі – Қызылорда гарнизонындағы ірі әскери бөлімдердің бірі. Мұнда мыңнан астам әскери қызметші ел тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында абыройлы қызмет атқарып келеді.Сондықтан әскери бөлімдердің әлеуетін арттырып, инфрақұрылымы мен материалдық-техникалық мүмкіндіктерін заман талабына сай дамыту – біздің ең басты міндетіміз. Бұл бағыттағы жұмыстар тікелей бақылауымда болады», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Кездесуде қоғам тұрақтылығын сақтау, әскери бөлімдердің инфрақұрылымын дамыту, заман талабына сәйкестендірудегі жұмыстарға жоғары баға берілді.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
